Қазақстанда аусыл ауруы тіркелген жоқ

Ветеринария басқармасы Павлодар облысында аусыл ауруына жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ол расталмағанын хабарлады.

Павлодар облысының ветеринария басқармасы Telegram арнада жарияланған аусыл анықталды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Таратылған хабарламада аусылға ұқсас аурудан малдар қырылып жатқаны айтылған. Өз кезегінде ветеринария басқармасы күн сайын облыстың қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы жануарларының ауруы мен өлімі бойынша мониторинг жүргізіп жатқанын және бұл ақпараттын расталмағанын мәлімдеді.

«Ветеринарлық қызмет аулаларды аралап, шаруа қожалықтары мен мал жайылым учаскелерін тексерді, нәтижесінде мал өлімі анықталған жоқ. Бұл мәселе Павлодар облысының Ветеринария басқармасының ерекше бақылауында», — деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстық ветеринария басқармасы малдардың аусыл жұқтырғаны туралы хабарламаларды бірнеше мәрте жоққа шығарды. Бұл ретте көп жағдайда ауру жануарлардан биоматериалды алу нәтижесінде диагностикаланған инфекциялық ринотрахеит туралы хабарланды.

Аусыл диагнозы биыл қаңтар айында Қарағанды облысындағы шаруа қожалығында расталған. Осының салдарынан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы ҚР-да вакцинасыз аусыл аурунан таза аймақ мәртебесін тоқтатты. Сондай-ақ, Ресей, Қытай, Беларусь және басқа да бірқатар елдер Қазақстаннан мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге шектеу қойды.

Добавить комментарий