Қазақстанда астықты әкетуге шектеулер алынып тасталды

Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) елден ұн мен астықты әкетуге шектеуді алып тастады.

Кеше, 2022 жылғы 31 тамызда Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрінің м.а. Серік Жұманғариннің төрағалығымен кезекті отырыс өтті.

ВАК отырысында айтылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәнді дақылдар жақсы жиналады деп күтілуде. Биыл 13 млн тоннадан астам бидай жинау жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Ішкі тұтыну үшін шамамен 6,5 млн тонна қажет. Мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, Астық одағы, Астық өңдеушілер одағы өкілдерімен, «Шопан-Ата» ұлттық агро-қозғалысының басшысымен бидай мен меслинді, бидай ұнын экспорттауға сандық шектеулерді (квоталарды) алып тастаудың орындылығын жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша, сондай-ақ АШМ болжамы негізінде астық пен ұн экспорттауға шектеулерді 2022 жылдың 10 қыркүйегінен бастап алып тастау туралы шешім қабылданды.

Еске сала кетейік, бұл шектеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 8 шілде мен 30 қыркүйек аралығына енгізілген болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық экспортына мониторинг жүргізу және астық пен ұн экспортын одан әрі реттеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Добавить комментарий