Қазақстанда алтын құймаларға деген қызығушылық төмендеуде

2022 жылғы сәуірде жеке тұлғалардың алтын құймаларын сатып алуы екі есеге төмендеді.

Өткен айда екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 61,3 кг 3 698 өлшемдік құйма сатылды, бұл биылғы наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% (4 571 өлшемдік құйма немесе 105,9 кг) аз.

ҚР Ұлттық банкі наурызда сатылымның ұлғаюына қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылық себеп болды деп хабарлады. Халық қолдағы жинағын сақтап қалу үшін баламалы құрал ретінде алтынға инвестициялауға мүдделі болды.

Сәуірде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануына байланысты құйма сатылымының төмендегені байқалды. Дегенмен өлшемді құймаларды сату көлемі 2021 жылғы орташа айлық сату көлемінен 37,3%-ға жоғары (2 694 дана) болды. 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 3,1 тоннаға жуық 91 229 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 23 799 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 19 376 дана (21%), 5 грамдық құймадан 18 599 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 197 дана (20%), 50 грамдық құймадан 11 258 дана (12%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.

 

Добавить комментарий