Қазақстанда Нигерия, Камерун, Кот-д’Ивуар және басқа да Африка елдерінің заңсыз мигранттары ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің Instagram аккаунтында хабарланды.
Алматының көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Африка елдерінің 64 азаматы ұсталды, оның ішінде 55 Нигерия, 5 Камерун, 2 Оңтүстік Африка және Кот-д’Ивуар мен Сьерра-Леоне бір-бір азаматы.
Олардың 12-сі сот шешімімен Қазақстан Республикасынан шығарылды.
Тәжірибе көрсеткендей, Африка құрлығы елдері азаматтарының көпшілігі Қазақстанға туристік, жұмыс немесе оқу визаларымен келеді. Алайда, олардың біразы уақытында кетпей, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзып отыр.
Айтпақшы, Алматыда өткен республикалық «Нелегал» іс-шарасы күндерінде шетелдіктерді шақырушы тарап қызметін атқарып, қонақтардың өз еліне дер кезінде кетуін қамтамасыз етпеген бес фирма анықталды.
Бұл заңды тұлғалар ҚР ӘҚбК-нің 518 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Тағы бір жеке кәсіпкер осындай заңбұзушылықтың қайталануына байланысты шетел азаматтарын шақыру лицензиясынан айырылды.