Ағымдағы жылдың 10 наурызында Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды “Қазтелерадио” сайты.
“Сағат 03:00 мен 17:00 аралығында жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі”, — делінген хабарламада.
«Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет. Тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады.
Телерадиохабарларын тарату саласындағы ұлттық оператор уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.