Әскери қызметшілер бейбіт күнде қаза тауып немесе мүгедек атанып отыр», — деп мәлімдеді депутат Шиповских.
Соңғы бірнеше жылдың ішінде армияда жоспарлы оқу-жаттығу жиындары кезінде бес әскери қызметші қаза тапты. Сенатор Геннадий Шиповских өз сауалында сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді көтерді, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Депутат атап өткендей, әскери қызметшілер жоспарлы оқу-жаттығу кезінде қайтыс болып жатыр және жарақат алып мүгедек болып оралуда. Оның пікірінше, мұндай жағдайлардың себептерінің бірі оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жеткіліксіз деңгейі және қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтамау.
«2017 жылдан бастап отан алдында борышын өтеуге кеткен бес сарбаз парашюттен секіру кезінде көз жұмды. Сонымен қатар, 2019 жылы Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, сарбаз қолынан айырылған. Граната жарылысы және қарудан ату жағдайлары әскердегі техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары болып табылады. Мұндай оқиғалар салдарынан кейбір сарбаздар мүгедек атануда, ал басқалары қайтыс болып жатыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бірнеше рет болған, бірақ біз әлі күнге дейін одан сабақ алған жоқпыз. Мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануы әскердегі техникалық қауіпсіздік шараларына баса мән бермей отырғанын көрсетеді», — деп түсіндірді Геннадий Шиповских.