Қазақстан билігі Қытаймен көлік дәліздерін іске қосу үшін $20 млрд инвестиция салуға ниетті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша рекордтық $17 млрд-қа дейін өсті. Сонымен қатар, елдер сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға күш салуы қажет. Бұл туралы бүгін «Орталық Азия — Қытай» саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Көлік-транзит бағыттарын әртараптандыруды және интеграцияланған логистикалық шешімдерді, соның ішінде жаңа құрлықтық дәліздерді іске қосу арқылы енгізу мәселесін келесі басым міндет ретінде белгілеп берді. Қазақстан осы мақсатқа 2025 жылға дейін 20 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұның Қытайдан келетін транзит ағынын кеңейтуге және аймақтағы елдердің артып келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыруға ықпал ететіні сөзсіз», — деді Қазақстан Президенті.
Ол атап өткендей, тауар айналымы құрылымын әртараптандыру, сауда кедергілерін жою, кеден ісінде тәртіп орнату және инновациялық шешімдерді енгізу қажет.
Қазір ҚХР-мен кедендік шекарада жасанды түрде жасалған кедергілерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Біз шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес жүргізе бастадық. Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін. Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келмейді. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның бағалауынша, Қазақстан Қытайға экспортталатын тауар түрлерін 135-ке жеткізуге әзір, оның ішінде ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің ақшалай көлемі бір миллиард доллардан асады. Осыған байланысты министрліктер деңгейінде «Орталық Азия – Қытай» консультациялар механизмін іске қосуды ұсынды.