Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпин жасаған бірқатар ұсыныстарды қолдады.
«Төраға мырза, жаңа ғана Индустрия және денсаулық одағын құруды ұсындыңыз. Бұл өте қызықты, бірегей идея, әрине, Қазақстан оны қолдайды. Сіз сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның халықтарының достығы форумын өткізуді ұсындыңыз. Біз бұл ұсынысты да қолдаймыз. Білім беру, мәдениет және туризм саласындағы қазіргіден де тығыз әріптестік туралы бастамаңызды да қолдаймыз», — деді Тоқаев «Орталық Азия және ҚХР» онлайн-саммитінде.
Сондай-ақ, Қазақстан президенті Си Цзиньпиннің мамандарды оқыту үшін арнайы курстарын ұйымдастыру және ол үшін қажетті қаражат бөлу туралы ұсынысы үшін алғыс айтты.
Орталық Азия мен ҚХР мемлекеттері президенттерінің онлайн-саммиті дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатыр. Оған ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.