Қазақстан РФ-мен газ тарту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде

Қазақстанның энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресеймен еліміздің шығысына газ тартуға бағытталған келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Нәтиже бар, біз техникалық параметрлерге қатысты нақты келіссөздерді бастауға келістік, яғни газ құны, құбыр тарту негіздемесін әзірлеу үшін қажетті газ тұтыну көлемі туралы мәселелер қозғалады. Өткен аптада ғана біз «Газпром-экспорт» жетекшісімен кездесіп, осы мәселені талқыладық, — деп хабарлады министр Сенаттың жалпы отырысында.

Ол сондай-ақ дизель тапшылығына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, елдегі жағдай тұрақтанды. Жалпы Ресейден кемінде 146 мың тонна импортталды.

Бұған дейін бізге жағдайды тұрақтандыру үшін шамамен 100 мың тонна импорттау керек екенін айтқан болатынмын. Біз 146 мың тонна импорттадық. Осыған байланысты жанармай бекеттерінде дизель отынын сату бойынша шектеулер жоқ, — деп түйіндеді Энергетика министрлігінің басшысы.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов көмір тапшылығына қатысты түсініктеме берген болатын.

Добавить комментарий