Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы пара алды деген күдікпен ұсталды

Жоғарғы соттың мәліметінше, ұсталған азамат ақшалай сыйақы үшін Түркістан облысы аудандық сотының судьясын бір соттан басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткен.

«2020 жылдың 11 ақпанында Нұр-Сұлтанда  Жоғарғы соттың судьясы қомақты мөлшерде пара алып жатқан жерінен ұсталды. Ақша Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткені үшін берілген. Дәл осы уақытта Түркістанда ақшаны беріп жіберген аудандық соттың судьясы ұсталды», — деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесі үшін егжей-тегжейлі ақпарат жария етілмейді.

«Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ішкі қауіпсіздік қызметі белгілі бір уақыт ішінде бірлескен іс-шаралар өткізді», — деп толықтырды Жоғарғы сот.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те егжей-тегжейлі ақпарат беруден бас тартты.

Добавить комментарий