Қазақстан Ресейдің ЕАДБ-дегі үлесін сатып алмақ

Қазақстан парламенті сенатының депутаттары Ресейдің Еуразиялық даму банкіндегі үлесін сатып алу шартын талқылады.

Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Еуразия даму банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясының үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігі елімізге сатылуға жатады. Осылайша, қайта бөлу аясында ЕАДБ жарғылық капиталындағы Қазақстанның үлесі 37,29%-ға дейін ұлғаяды.

«Ресей Федерациясының ЕАДБ құрылымындағы рөлі төмендейді деп күтілуде, бұл өз кезегінде Банктің акционерлік құрылымын симметриялы етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, Қазақстанға қорландыруға қолжетімділік қамтамасыз етіледі және рейтингтер, сондай-ақ несие берудің ағымдағы мөлшерлемесі сақталады», — деп мәлімдеді депутаттар.

Заң жобасын палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.

Бұған дейін банктің жарғылық капиталындағы 321 151 акцияны құрайтын Ресейге тиесілі акциялар пакетінің бір бөлігі басқа қатысушы мемлекеттер арасында біркелкі қайта бөлінетіні хабарланған болатын.

Добавить комментарий