Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада бірнеше адамды құтқарған өрт сөндірушілерді марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған ТЖМ қызметкерлерін марапаттады.
Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Асқар Забикулин — азаматтық қорғаныс капитаны.
1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Қазгородок ауылында туған. ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын «Қараөткел» ӨБ-9 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы қызметінен бастады.
ТЖМ Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі қызметіне 2021 жылы тағайындалды.
Аян Кемпіров — азаматтық қорғаныс аға сержанты.
1988 жылы 5 мамырда Қостанай қаласында туған. Қарағанды политехникалық колледжін «сарапшы-механик» мамандығы бойынша бітірген.
ТЖМ Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі қызметіне 2021 жылы тағайындалды.
16 қарашада елордалық өрт сөндірушілер Астанада жанып жатқан пәтерден бес адамды құтқарды. Кейін ТЖМ хабарлағандай, өртті сөндіру барысында өрт сөндірушілердің өздері де зардап шеккен, олардың аяқ-қолдары мен бетін күйік шалған. Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.
Бұған дейін бес астаналықты жанып жатқан пәтерден құтқарған өрт сөндіруші өте ауыр халде жатқаны белгілі болды, оның денесінің 80 пайызын күйік шалған, ол комада жатыр.