Қазақстан Президенті вакцинацияның төмен қарқыны туралы мәлімдеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының одан әрі дамуына арналған кеңес барысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияның төмен қарқынын атап өтті.

«Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакциналауға дайын болуы керек. Біз оны 1 ақпанда бастадық. Алайда, дәл қазіргі уақытқа дейін егілген азаматтар саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 млн-нан астам адамға вакцина салдыруымыз керек», — деді Тоқаев.

Ол «егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет» деп қосты.

Президент ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай Қазақстан «ауруды жеңіп», экономиканы қалпына келтіре алмайтынын атап өтті.

«Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. азаматтарға тағы да айтамын, вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ», — деді Мемлекет басшысы.

Бүгін брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов вакциналау қарқыны туралы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол вакцинаның жеткізілуіне байланысты екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда бізде өзімізді кері шегеретін жағдайлар бар. Қазір бірінші кезеңде вакцинация қарқыны өсіп жатыр, екпе салдырғандар саны күннен күнге артып келеді. Вакцинациялаудың алғашқы кезеңдерінде бірқатар тұрғындарда, халықтың вакциналауды жүргізу қажеттілігі туралы бірқатар өте үлкен күмәндары болғанын ескеру қажет. Алайда, вакцинаға деген теріс көзқарастың эволюциясы өте қысқа болды. Сондықтан біз қазір азаматтарымыздың вакцинация жүргізу үдерісіне деген көзқарасының өзгергенін байқап отырмыз. Қазір көп адамдар вакцина салдыруға ниет білдіруде», — деді ол.

Алайда, журналистер наурыздың аяғында 250 мың адамға вакцина егудің орнына, вакциналау науқаны басталғалы бері 6,5 апта ішінде 20 мыңға жуық адам вакцина салдырғанын айтты. Бұған Қиясов «вакцинаның қолжетімділігіне байланысты» деп жауап берді.

«Ақпан айында біз бұрын жоспарланған вакцина мөлшеріне қол жеткізе алмадық, — деп түсіндірді ол, вакциналау қарқыны бойынша қазір бүкіл әлемде белгілі бір проблемалар бар, бірақ Қазақстан «өз өндірісін оқшаулап, дұрыс таңдау жасады».

«Бұл мәселелер вакцинаның жеткізілуіне қарай шешілетін болады — жүргізілген вакциналар саны көбейеді, оның үстіне бізде қысқа мерзімде вакцинация жүргізу тәжірибесі бар — өткен жылы 2 млн-нан астам мөлшерде тұмауға қарсы вакцинация жүргізілді. Сондықтан, меніңше, бұл екпе қарқыны өседі», — деп сендірді вице-министр.

Добавить комментарий