Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Telegram-каналда президенттің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы өз жолдауында Ресей мемлекет басшысын және елдің барлық азаматтарын ұлттық мереке — Ресей күнімен құттықтап, екі ел халықтарының игілігі мен мүддесі жолындағы ынтымақтастықтың нығая беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Ресей күні Ресей Федерациясының маңызды мемлекеттік мерекесі болып табылады, ол жыл сайын 12 маусымда атап өтіледі. Кремльдің ресми сайтына сәйкес, 1994 жылғы 2 маусымда РФ-ның бірінші президенті Борис Ельцин бұл күнді мемлекеттік мереке деп жариялады. 2002 жылға дейін бұл мереке Ресей Федерациясының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдау күні деп аталды.
ТАСС-тың хабарлауынша, Борис Ельцин мерекенің атауын өзгерту туралы ұсынысты 1998 жылы осы мерекеге орай ресейліктерге жолдаған теледидардағы үндеуінде жасаған. 2002 жылдан бастап, РФ жаңа Еңбек кодексінің ережелеріне сәйкес, бұл мереке ресми түрде Ресей күні деп атала бастады.