Қазақстан Президенті СҚО аумағында жұмыс істейтін инвесторлармен кездесті.
Еске сала кетейік! Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президентке зауытта құрастырылған астық жинайтын тракторлар, комбайндар мен тұқым себетін техникалар көрсетіліп, кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы «CLAAS» компаниясының халықаралық беделін жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет екенін атап өтті.
«CLAAS» өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі бұл үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады», — деп есептейді Президент.
Нысанды аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев облыста бірқатар жобаларды жүзеге асыратын шетелдік инвесторлармен кездесті.CLAAS компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта іске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды.
Түріктің «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық JCI стандарттарына сәйкес 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар етті.
Аризона университетінің (АҚШ) жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президенті Брент Уайт аталған оқу орнының Kozybayev University-мен ынтымақтастық орнату жөніндегі жоспарын айтты. Бұл келісім қазақстандық жоғары оқу орнын америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобалармен танысқаннан кейін инвесторларға ел экономикасын, атап айтқанда өңірлерді дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы инвесторлардың бизнес-жобаларының іске асырылуын бақылауда ұстау үшін жеке мониторинг жүргізетінін атап өтті.
Сондай-ақ, президент Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Петропавлдағы Alageum Electric электротехника зауытының жұмысымен танысты.
Президентке трансформатор өндірісінің технологиялық желісі көрсетіліп, кәсіпорын қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен өндірісті одан әрі кеңейту жоспарлары туралы айтылды.
Зауыттың құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция салынған. Жобалық қуаты бойынша кәсіпорын жылына 13 мың трансформатор шығарады деп жоспарланған. Шығарылатын өнімнің 98 пайызы ТМД елдеріне экспортталады.
Кәсіпорын еңбеккерлері, соның ішінде оңтүстік өңірден көшіп келушілер жеңілдікпен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие. Тәлімгерлерге оқуға және кейін жұмысқа орналасуға жағдай жасалады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымымен әңгімелесті. Президент кәсіпорынның жұмысы мен оның экспорттық әлеуетіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы зауыттың табысты дами беретініне сенім білдіріп, отандық өнім өндірушілерге Үкімет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.