Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-мен шекара кеденіндегі жағдайға түсініктеме беріп, онда болып жатқан оқиғаларды былық деп атады.
«Бюджет кірісін арттырудың айтарлықтай әлеуеті кеденде тәртіп орнатуда жатыр. Әсіресе Қытаймен шекарада. Онда болып жатқан былық бәріне мәлім. Көліктер тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Статистикада Қытайдың кеден органдарымен алшақтық миллиард долларға жетеді. Қол сұғылмайтын мәртебесі бар кейбір уәкілетті операторлар бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып жатыр. Бұлай болмайды», — деп мәлімдеді Тоқаев Мәжіліс отырысында.
Ол Бас прокуратураға Қаржы министрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, кедендік шекарада кешенді тексеру жүргізуді және тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, ресми тауар айналымындағы алшақтық мәселесі бұрыннан бар.
2017 жылдың маусым айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мен Қазақстан тауар айналымы жөніндегі деректердің айырмашылығына таңғалған болатын.
«Қытай шекара деректері бойынша тауар айналымы 46 пайызға, біздің деректеріміз бойынша 30 пайызға өсті. Неге мұндай айырмашылық шығып тұр? Есептеудің әртүрлі әдістемесі бар ма?», — деген Қазақстан Президенті Си Цзиньпинге.