Қазақстан Президенті Катар әмірімен кездесті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті

«Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Көшбасшылар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара ниетті екенін растады», — делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тамим бен Хамад Әл Тәниге ілтипат білдіре отырып, форумға шақырғаны және жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.

«Біздің бірқатар инвестициялық жобаларымыз бар. Бүгін соларды сіздермен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Қазақстан компаниялары осы бағытта Қатар бизнесімен тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті», — деп атап өтті Президент.

Өз кезегінде шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі экономикалық форумға Қазақстанның қатысқаны – мен үшін үлкен мәртебе. Біздің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірлескен жобаларды, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл еліміз үшін басым бағыт және жуық арада агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы топ жібереміз», — деді Катар Әмірі.

Добавить комментарий