Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин (бейнебайланыс режимінде), Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась шағын құрамда кездесу өткізді, содан кейін келіссөз делегациялар мүшелерінің қатысуымен жалғасты», — делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекеттер басшылары Ауғанстандағы ахуалға, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салды, сондай-ақ, 2021 жылғы Ұйым қызметінің басым бағыттарының жүзеге асырылуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жоспарын анықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесу барысында өз әріптестеріне қатысушы мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөніндегі Қазақстанның ұстанымын айтты.
«Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тамыз айында кезектен тыс өткізілген сессиясында Ауғанстандағы түбегейлі өзгерген ахуалға байланысты туындаған сын-қатерлер мен қауіпті егжей-тегжейлі талқыладық. Қазақстан тараптардың осы кездесуде айтқан тәсілдері мен ұсыныстарын қолдайды. Оларды іске асыру үшін нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Біріккен штаб жанынан Жедел мониторинг тобын құру жөніндегі тәжік тарапының бастамасын дер кезінде ұсынылды деп санаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды қадағалап отыру мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының іс-қимылдарын ұйымдастыру үшін қажет. Елдеріміздегі террорлық ошақтарды анықтап, ауыздықтау жөніндегі, сондай-ақ, экстремизм мен терроризм үгітіне қарсы күрес жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы әріптестеріміздің пікірлерін қолдаймыз. Оңтүстік шекара әрі ҰҚШҰ-ның өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймы», — деді өз сөзінде Тоқаев.