Қазақстан Президенті Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жоспарлары туралы айтты

Қазақстан Президенті Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығының алғашқы белгілеріне қатысты түсініктеме беріп, нақты шешім қабылдау қажет екенін мәлімдеді.

Ақорданың баспасөз қызметі Алматыдағы қаржы секторының өкілдерімен кездесуде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне, соның ішінде АЭС салу мәселесіне де тоқталғанын хабарлады.

«Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың мамыр айында президент электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген мамандардың пікірімен келісті. «Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды», — деп баса айтты президент.

Сондай-ақ, энергетика министрлігінің сарапшылары Қазақстанда атом электр станциясын салу мүмкіндігін зерттей бастағаны белгілі болды. Аталған мәселені қараша айында халықаралық сарапшылармен талқылау көзделген. Ведомство осы жұмысты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға атом электр станцияларын (АЭС) салуға және пайдалануға жәрдемдесуді ұсынған болатын.

Добавить комментарий