Қазақстан Президенті Асқар Маминді қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Үкімет басшысы еліміздің биылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы есеп берді.

«Есепті кезеңде экономиканың нақты секторы тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дамып келеді. Қызмет көрсету ісі біртіндеп қалпына келе бастады. Азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, металлургия өндірісі, соның ішінде түсті металдар өндірісі, машина жасау, фармацевтика салаларында тұрақты өсім байқалады», — делінген хабарламада.

Асқар Мамин сондай-ақ Қазақстан үшін мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жеке келісім жасалған ОПЕК+ мониторинг комитеті отырысының қорытындылары туралы баяндады. Бұл тау-кен өндіру секторындағы өсу қарқынын біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің айтуынша, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауда: республика бойынша вирустың арту көрсеткіші 0,9-ды құрайды, жұқпалы ауруханалардағы төсек орын — 23%-ға, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындар — 16% толған.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Президентке инвестициялар тартуды, тұрғындарды жұмыспен қамтуды, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.

Добавить комментарий