Қазақстан Президенті Қаржы министріне бірқатар тапсырмалар берді

Президент Премьер-Министрдің орынбасары — Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады.

Ақорда Мемлекет басшысына ұсынған министрдің баяндамасының негізгі бағыттарын ұсынды:

ЖІӨ өсімі 3,1%-ды құрады, инвестициялар көлемі 7,8%-ға ұлғайды. Экономиканың барлық саласы дамып келеді.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс деңгейі 3,4 пайызға, құрылыс көлемі 9,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіші 9,1 пайызға өсті.

2022 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 33,4 пайызға өскені атап өтілді. Сауда балансы айтарлықтай нығайып келеді. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8 пайызға өсіп, 24,1 миллиард долларға жетті.

Мемлекет басшысына берілген мәліметтерге сәйкес, республикалық бюджеттің кірісі жөніндегі жоспар 309 миллиард теңгеге асыра орындалған.

Президентке Бюджет және Салық жаңа кодекстерінің әзірлену барысы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жұмыс механизмдері, заңсыз иеленген және елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта жиналған 120 миллиард теңгеге жуық қаражат мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Добавить комментарий