Қазақстан Президенті абайтанушылармен кездесу өткізді

Қазақстан Президенті Семейдегі мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады, онда Абайдың сирек кездесетін басылымдары, «Абай әлемі» сериясы аясында жарық көрген кітаптар, сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көп томдық еңбегі таныстырылды.

Көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайының қорынан 18 сурет қойылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесіне барды. Содан кейін Президенттің абайтанушы ғалымдармен әңгімелесуі өтті.

Мемлекет басшысы мерейтойлық іс-шаралардың жаһандық пандемиямен сәйкес келуіне қарамастан, ұлы ата-бабамыздың алдындағы борышымызды лайықты орындау үшін барлық күш-жігер жұмсалғанын атап өтті.

«Биылдан бастап 10 тамыз «Абай күні» мерекесіне айналды. Ақынның шығармалары он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Біздің елшіліктеріміздің жанынан шетелде Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана. Болашақта Абай институттарын аша аламыз деп ойлаймын. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылып, онда ақынның шығармашылығын жүйелі түрде зерттейтін болады. «Абай» телеарнасы хабар тарата бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамының қалыптасуында ерекше рөл атқарған Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде танылды. Осының бәрі жас ұрпақты ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасына баулу үшін жасалды. Біз Абай философиясын түркі әлемінде дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайдың рухани өсиеті» мақаласынан «Ұлы ақын елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзін келтірді. Мемлекет басшысы біздің барлығымыз ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу, баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін жеткізді.

«Абай — мемлекет мүддесін қорғаушы, халық бірлігі идеясын жақтаушы. Ол өз шығармаларымен еліміздің дамуына зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты біріктіріп, әділетті қоғам құруға шақырды. Біз ұсынып отырған «Тыңдаушы мемлекет» ттұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас болып табылады. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгіс. Мұндай пікір алмасу қоғамның үкіметке деген сенімін арттырады және тұрақтылықты нығайтады. Ұлы Абай билік пен халықты біріктіретін осы идеяның бастауында тұр деп сеніммен айтуға болады», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастыру сияқты стратегиялық міндетке тоқталды. Оның айтуынша, бұл істе Абайдан артық дана тәлімгер жоқ.

«Ақынның мұрасын зерттейтін болсақ, біз гүлденетін боламыз. Біз іздеген барлық сұрақтарға жауап — Хакім Абайдың өлмес өлеңдері мен даналық сөздерінде. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Ұлы Абайдың тұлғасын шетелде насихаттауға бағытталған жоба аясында оның еңбектері ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың сапасы жоғары деп санайды.

«Абай шығармаларын әлемнің ең кең таралған тілдерінде аудару және басып шығару бірегей халықаралық мәдени жоба болып табылады. Ол адамзатқа қазақ мәдениетінің жаңа қырларын ашып, оқырмандарға Абайдың өзіндік шығармашылығымен, оның терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді», — деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауымның қоғамдағы рөлі мен орны туралы айтып, оның асыл миссиясы ұлттық құндылықтарды сақтау екенін атап өтті.

«Өткен ғасырдың 60-жылдары біздің әдебиетшілер ұлт рухын жаңғыртуға септігін тигізді. Жазушылар жылымық кезеңінде адамдардың мүддесін терең бейнелейтін шығармаларды өмірге әкелді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зиялылар халықты ынтымақ пен бірлікке шақырды. Олар рухани мұраларымызды жүйелеуге және тарихымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Зиялы қауым жас мемлекеттің жылнамасын жасап, оны бүгінгі ұрпаққа тапсырды. Оның қазіргі кезеңдегі міндеті — ұлттың жаңа келбетін қалыптастыру, оның адамгершілік қасиеттерін арттыруға өз үлесін қосу», — деп атап өтті Президент.

Өз сөзінде гуманитарлық ғылымдарды дамытуға, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулықтар дайындауға ерекше назар аударды.

– Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деп ұсынды Мемлекет басшысы.

Кездесуде ғалымдар мен абайтанушылар Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков, Арап Еспенбетов, «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы, Риддер қаласының № 16 орта мектебінің оқушысы Варвара Владимирцева сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылым мен абайтанудың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Добавить комментарий