Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

Қазақстан мен Өзбекстанның Премьер-министрлері экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық 33%-ға өсті

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Әріповпен келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады. Бұл туралы дүйсенбі күні Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет басшылары кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады», — делінген хабарламада.

2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық 33%-ға ($4,3 млрд) өскені атап өтілді. 2022 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша да оң динамика байқалады — тауар айналымы $1 млрд асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27,2%-ға жоғары.

«Тараптар өзара саудадағы кедергілерді жойып, жаңа кедергілердің алдын алу қажеттілігін атап көрсетті. Қазақстан тиісті Жол картасының жобасын әзірлеп жатыр. Аталған құжат туындаған түйінді мәселелерді шешу мақсатында нақты жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Үкімет басшылары екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті ретке келтіру мәселелерін талқылады. Өзбекстан жастарының қазақстандық білімге деген тұрақты қызығушылығын ескере отырып, Ташкентте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен  М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалдарын ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар келіссөз барысында су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселесі қозғалды. Таяуда вегетациялық кезеңде «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үш жақты уағдаластыққа қол жеткізу көзделіп отыр, бұл Сырдария өзенінің орта ағысын, оның ішінде «Достық» каналының қазақстандық бөлігін қажетті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий