Қазақстан мен Иран президенттері кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисиді жақында өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы байланыстарды жоғары бағалады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз. Осы жүздесу біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Иран – біздің Каспий өңіріндегі тату көршіміз және ислам әлеміндегі жақын серіктесіміз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде артып келеді», — деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ибрахим Раиси сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны және ұлықтау рәсіміне арнайы делегация жібергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

«Қос ел өзара ынтымақтастығы жан-жақты қалыптасқан. Әрине, әлеуеті жоғары байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы ықпалдастықтың бастауы боларына сенемін», — деп мәлімдеді Иран Президенті.

Иран мен Қазақстан президенттері қандай мәселелерді талқылады

Тараптар биыл сауда-экономика бағытында оң үрдістер байқалғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты одан әрі арттыруға және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.

Кездесу соңында Мемлекеттер басшылары өзара сапар алмасуға келісті.

Ибрахим Раиси Иранның сегізінші президенті болды. 2021 жылы 5 тамызда Иран мәжілісінде ант берді. Инаугурация рәсіміне 73 мемлекеттен 100-ден астам өкіл қатысты.

Добавить комментарий