Қазақстан мен Аустрия Президенттері келіссөздер жүргізді

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев пен Аустрия президенті Александр Ван дер Беллен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы аясында келіссөздер жүргізді.

Бұл БҰҰ-ның 77-ші Бас ассамблеясы аясында екі президенттің екіжақты келіссөздер бағдарламасындағы алғашқы кездесуі болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан — Австрия ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекетін талқылады. Тараптар саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге деген дайын екенін жеткізді», — делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және инфрақұрылым салаларында австриялық технологияларды трансферттеуге қызығушылық білдірді.

Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Бүгін Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатының ашылуына қатысады. Жалпы отырысты төраға Чаба Кёрюши ашып, жүргізеді.

Мемлекет басшысы Нью-Йорк уақытымен сағат 11.45-12.15-де (Астана уақытымен шамамен сағат 21.45-22.15-де) сөз сөйлейді деп күтілуде.

Добавить комментарий