
Ауыл шаруашылығы министрі елімізде азық-түлік өнімдерінің бірнеше түрінің өндірісі ұлғайғанын айтты.
Ол 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құрағанын хабарлады.
2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында агроөнеркәсіптік кешен саласында өсімнің оң серпіні сақталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 триллион теңгені құрады. Сапархан Омаровтың айтуынша, бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемін 7,8 пайызға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, министр 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құрағанын хабарлады.
“Сары май өндірісі 26,5 пайызға артты (19,5 мың тоннадан 24,6 мың тоннаға дейін), өңделген күріш 20,1 пайызға (166 мың тоннадан 199,4 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері 8,2 пайызға (54,3 мың тоннадан 58,7 мың тоннаға дейін), макарон өнімдері 6,3 пайызға (168,3 мың тоннадан 178,9 мың тоннаға дейін), өңделген сүт – 4,9 пайызға (570,8 мың тоннадан 598,5 мың тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері 4,8 пайызға (211,6 мың тоннадан 221,7 мың тоннаға дейін), ірімшік пен сүзбе 4,5 пайызға (31,2 мың тоннадан 32,6 мың тоннаға дейін), ұн – 1,6 пайызға (3 271,7 мың тоннадан 3 322,6 мың тоннаға дейін)”, – деді министр Омаров.
Айта кетейік, Үкімет отырысы барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев жылдық инфляция Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес 7-7,5 пайыз деңгейінде қалыптасқанын, 2020 жылдың соңында өткен айдың 7,5 пайызымен салыстырғанда 7,3 пайызға дейін жеделдетілгенін хабарлады. Оның мәліметінше, жалпы бағаның өсіміне азық-түлік инфляциясы үлкен үлес қосуда.