Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімді ратификациялауды қарастыруда

Астана, 1 қараша — Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) арасындағы медициналық ынтымақтастық туралы маңызды келісім Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Әңгіме «Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» Заң туралы болып отыр.

Құжат Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында әзірленген болатын. Келісім Қазақстанда ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын тиімді ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Сенаторлардың айтуынша заңды ратификациялау ДДҰ-ға мүше елдер арасында Қазақстанның беделін арттыруға ықпал ететін болады.

Сенат комитетінің мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам келісімнің маңыздылығын және Қазақстанның жаһандық денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысуға ұмтылысын көрсетеді.

Добавить комментарий