Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтер үшін 156,7 млрд теңгеден астам қаражат төледі.
Хабарланғандай, осы кезеңде жарналардан барлығы 260 млрд теңге түсті.
Олардың басым бөлігі — 146,6 млрд теңге — мемлекеттің халықтың 15 жеңілдікті санатына жататын 11 млн-ға жуық азаматқа сақтандыру төлемдерін салуы.
«2020 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша МӘМС пакеті аясында көрсетілген медициналық қызметтер үшін 156,7 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Айта кетейік, төлем халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүргізіледі. Іс жүзінде көрсетілген және клиникалық хаттамалар мен емделуге қажетті талаптарды сақтай отырып, құжатпен расталған қызметтерге ақы төленеді», — деп атап өтті қорда.
Қордың баспасөз қызметі еске салып өткендей, жарналар мен МӘМС үшін аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі, содан кейін қаражат қордың жеткізуші медициналық ұйымдарының атына МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге жіберіледі. Бұл ретте қорда жарты жылдықтағы шығындардың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекті төлеу — 50 млрд теңгеден асқанын нақтылады. 6 ай ішінде еліміздің стационарларында жоспарлы түрде 630 мыңнан астам адам емделді.
Көрсетілген консультациялық-диагностикалық көмек үшін шамамен 42 млрд теңге төленді. Атап айтқанда, диагностикалық қызметтер арасында азаматтар үшін КТ және МРТ қызметтері әсіресе өзекті болып табылады. Жарты жыл ішінде пациенттерге 96 млрд теңгеден астам сомаға 1,1 мыңнан астам КТ қызметі және 101 млрд теңгеден астам сомаға 1,6 мыңнан астам МРТ қызметі өндірілді. Сонымен қатар, қаңтар-маусым аралығында 3 млн астам стоматология қызметі, 2 млн-ға жуық рентген қызметі және 1,6 млн-нан астам УЗИ-диагностика қызметі көрсетілді.
Олардың барлығы медициналық сақтандыру қаражаты есебінен МӘМС пакетінде көрсетілді, пациенттерге медициналық көмек үшін төлемді қор жүргізді. Естеріңізге сала кетейік, бірінші жартыжылдықта барлық қазақстандықтар МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылған және медициналық қызметтерді кепілдендірілген көмек аясында, сондай-ақ МӘМС шеңберінде де пайдалана алған. Құны 50 млрд теңгеден асатын 11 мыңнан астам қазақстандық медициналық оңалтудан өтті.
Жарты жылда 3,8 мыңнан астам азамат 11 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызмет алды. Естеріңізге сала кетейік, екінші тоқсанда карантин аясында жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетуге шектеу қойылған болатын. 1 тамыздан бастап еліміздің клиникаларында жоспарлы медициналық көмек қалпына келтірілді, сондықтан екінші жартыжылдықта халықтың медициналық қызметтерді тұтынуы өседі деп күтілуде.