20 наурызда бүкіл әлемде Халықаралық бақыт күні атап өтіледі. Осыған байланысты зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде елдердің бақыт деңгейі бойынша жыл сайынғы рейтингі жасалды. Бақыт туралы дүниежүзілік баяндама WHR ресми сайтында жарияланды. «Бақыт туралы дүниежүзілік баяндаманы» зерттеуде әлемнің түрлі елдеріндегі бақыт деңгейі бойынша алты негізгі фактор пайдаланылды: әлеуметтік қолдау, табыс, денсаулық, өмірлік шешімдерді қабылдаудағы еркіндік, жомарттық және жемқорлықтың болмауы. Финляндия алтыншы жыл қатарынан көш бастап тұр. Соғыстан зардап шекккен Ауғанстан мен Ливан ең бақытсыз екі ел болып қала береді. Рейтингте 2020-2022 жылдар аралығында COVID-19 пандемиясы кезеңін қамтитын үш жыл ішіндегі бақыт деңгейі сараланған. Қазақстан нешінші орында тұр?Бақыт рейтингінде үш жыл ішіндегі орташа көрсеткіш негізінде (2020 жылдан 2022 жылға дейін) әлемнің 109 елі қамтылған. Ең бақытты 10 елдің қатарына Финляндия, Дания, Исландия, Израиль, Нидерланд, Швеция, Норвегия, Швейцария, Люксембург және Жаңа Зеландия кірді. Құрама Штаттар 15-ші орынға, Британия 19-шы орынға жайғасты. Рейтингте Қазақстан тұрғындары ТМД елдері арасында ең бақытты ел болып шықты.Еліміз 44-орында тұр. 54-ші орында Өзбекстан, 62-ші орында Қырғызстан, одан кейін Молдова тұр. Ресей 70-ші орында, Армения мен Тәжікстан сәйкесінше 79 және 80 орында. Беларусь, Түрікменстан және Әзірбайжан бұл рейтингте көрсетілмеген. Украина 92-орында. БҰҰ ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Бас Ассамблея 2012 жылғы 12 шілдедегі қарарында 20 наурызды Халықаралық бақыт күні деп жариялады. Британ энциклопедиясының сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, психология тілінде бақыт — адамның көңіл күйі.