Қазақстан азаматтарына сауалнама: 2020 жылдың ең маңызды оқиғалары — пандемия және мәжіліс сайлауы

«Demoscope» қоғамдық пікір жедел мониторинг бюросы қазақстандықтардың елде және әлемде 2020 жылғы қандай оқиғаларды аса маңызды деп санайтынын анықтау үшін сауалнама жүргізді.

Зерттеуге Қазақстанның 14 облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан 1100 адам (53% еркек, 47% әйел) қатысты. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде телефон арқылы жүргізілді.

Қазақстандықтар тікелей біздің елімізге қатысты оқиғаларды ең маңызды деп санайтыны белгілі болды. Көрші елдерде болып жатқан жаһандық оқиғалар екінші дәрежелі болды.

«Азаматтардың көпшілігі (39%) алдағы мәжіліс депутаттарының сайлауын осы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы деп санайды. Респонденттердің 15%-ы үшін маңыздылығы бойынша екінші орында Ресейлік саясаткерлердің Қазақстан территориясына көз алартуы, олардың араңдатушылық мәлімдемелері. Таулы Қарабақтағы соғыс сауалнамаға қатысушылардың 12%-ын бей-жай қалдырмады және жылдың үшінші маңызды оқиғасы болды. АҚШ президенті мен Беларусь президентінің сайлауы, сондай-ақ бұл елде болып жатқан наразылық шаралары сәйкесінше 7 және 6% жинады», — делінген зерттеуде.

Қырғызстандағы президент сайлауы қазақстандықтардың қызығушылығын тудырмады, оларды тек 2%-ы ғана атады. Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануы маңыздылығы жағынан соңғы орында болды, оны сауалнамаға қатысушылардың тек 1%-ы ғана атады.

Респонденттерге 2020 жылдың ең жағымды оқиғасын таңдау ұсынылды. Қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (37%) Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атаса, 28%-ы биылғы жылдың басты жетістігі деп коронавирусқа қарсы вакцинаны дайындау мен жақын арада қазақстандықтарға жаппай вакциналауын есептейді. 20%-ы ұлы ақын Абайдың мерейтойын аса маңызды деп санайды. Конституцияның 25 жылдығын сауалнамаға қатысушылардың 8%-ы ғана атап өтті.

«Өткен жылдың ең жағымсыз оқиғалары рейтингінде қазақстандықтардың басым көпшілігінің пікірінше (55%) COVID-19 жаһандық пандемия көш бастап тұр. Антирейтингке сондай-ақ пандемияға байланысты шектеулер — қашықтықтан білім беру (17%), қатаң карантин және өзін-өзі оқшаулау (11%) кіреді», — деп атап өтті сарапшылар.

Сондай-ақ, респонденттер 2021 жылға ең қалаған оқиғасын таңдау керек болды. Қазақстандықтардың көпшілігі (42%) пандемияның тезірек аяқталуын күтеді. Азаматтардың 21%-ы жаңа жылда өмір сүру деңгейін жақсарса деп үміттенеді. Сауалнамаға қатысушылардың 17%-ы балалардың мектептер мен ЖОО-ларға оралуын күтуде. Қазақстандықтардың 14%-ы барлық шекараның ашылуын армандайды.

«Өткен жылдың жаһандық трендтерінен туындаған қазақстандық қоғамның трансформациясы маңызды индикатор болып табылады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың жартысына жуығы қазақстандық қоғамды қайта құру процестерін түсінбейді немесе мойындағысы келмейді. Олар пандемия аяқталғаннан кейін, барлығы өз орнына келеді деп сенеді.Респонденттердің үштен біріне жуығы (29%) керісінше қазақстандықтардың өмір салты қатты өзгерді және бұрынғыдай болмайды деп есептейді», — делінген сауалнамада.

Сауалнамаға қатысушылардың 22%-ының пікірінше, қазақстандықтардың қоғамдық сана-сезімі шамалы өзгерді. Қазақстандықтардың өзгерістерге мойын сұнып, қажетті шектеулерді сақтағысы келмеуі олардың салт-дәстүрлердің сақталуына шектен тыс мән беруіне байланысты болса керек.

Добавить комментарий