Өзбекстанмен шекарада орналасқан екі ауыл Түркістан облысына қосылды, олар ресми түрде Қазақстан Республикасының аумағына кірді.
Бұл туралы ҚР Үкіметі хабарлады.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Асқар Мамин қол қойды.
Әңгіме бұған дейін Өзбекстан аумағында болған Бағыс пен Хиебон ауылдары туралы болып отыр. 2002 жылы Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қазақ-өзбек шекарасының учаскелері туралы шартқа қол қойғаннан кейін елді мекендер Қазақстанның аумағына өткен, алайда іс жүзінде бұл ауылдар ұзақ уақыт автономды болды. Халықтың бір бөлігі қазақстандық паспортпен, ал басқасы өзбекстандық паспортпен жүрді.
Премьер-министр қол қойған Қаулыда былай деп бекітілген:
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
- Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін.
- Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.