Қазақстанға «Спутник Лайт» вакцинасы жеткізілді

Қазақстанға коронавирустық инфекцияға қарсы ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасы жеткізілгені белгілі болды.

Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаны республикадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты гуманитарлық көмек ретінде Денсаулық сақтау министрлігіне тегін берді.

«Бірыңғай дистрибьютормен алынған вакцина партиясы жедел түрде ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес өңірлерге жіберіледі және жақын арада Қазақстан Республикасы азаматтарын коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау үшін қолжетімді болады», — делінген «СК-Фармация» хабарламасында.

«Спутник Лайт» бір компонентті вакцина — ол «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті. «Спутник Лайт» коронавирусқа қарсы ревакцинация үшін қолданылады.

Вакцинаны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының (Мәскеу) мамандары Ресей тікелей инвестициялар қорымен бірлесіп әзірледі. «Спутник Лайт» Ресейде 2021 жылғы мамыр айында тіркелген.

«Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында өндірушілерден медициналық ұйымдарға дейінгі барлық жолда бірыңғай дистрибьютор салқын тізбекке тиімді мониторинг жүргізеді. Мұздатылған күйдегі «Спутник Лайт» вакцинасы жарықтан қорғалған жерде, минус 18 °C жоғары емес температурада сақталуы тиіс», — деп атап өтті СК-Фармация өкілі.

Добавить комментарий