Биыл Қазақстанға 14 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. Олардың басым бөлігі Өзбекстаннан келген.
«2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14 358 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 84,7 мың этникалық қазақ оралды», — деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осы жылдың басынан қандастардың 76,3%-ы Қазақстанға Өзбекстаннан келген, 9,4%-ы – Қытайдан, 6,4%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан және 5,4%-ы Ауғанстаннан және басқа елдерденкелген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28%), Маңғыстау (19,3%), Түркістан (13,5%) және Жамбыл (8,1%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.
Қандастардың 55%-ы еңбекке қабілетті жаста
Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 27,9%-ды және зейнеткерлер 17,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 39,8%-ының орта кәсіби білімі, 45,5%-ының жалпы орта білімі бар және 3,6%-ының білімі жоқ.
Өңірлік квота шеңберінде 720 этникалық қазақ Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына көшуге субсидия алды. Отбасының әрбір мүшесіне 204 мың теңгеден төленді, оларға ай сайынғы төлемдер 12 ай ішінде — отбасына 43,7-ден 87,5 мың теңгеге дейін төленеді.
Еңбек министрлігі қандастарға жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетілетінін айтты.