Қазақстанға Сауд Арабиясы Корольдігінің ханзадасы келеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Тараптар мұсылман жыл санауы бойынша жаңа Хижра жылының басталуына орай бір-бірін құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті бүгінгі екіжақты қатынастар деңгейін оң бағалап, қосымша серпін беру мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері мемлекеттер арасындағы ықпалдастықты жаңа жобалармен толықтырып, оларды бірлесе жүзеге асыруға бағытталған «Қазақстан — Сауд Арабиясы» Үйлестіру кеңесін құру туралы бастаманы толықтай қолдады, — делінген хабарламада.

Ханзада Мұхаммед бен Салманның айтуынша, Эр-Рияд қазақ нарығындағы инвестициялық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік бар екеніне көз жеткізіп отыр.

Мемлекет басшысы бұл пікірмен келісе отырып, Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагерін екіжақты ықпалдастықтың барлық бағыттарын талқылау мақсатында Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Ханзада Мұхаммед Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруын ризашылықпен қабыл алып, мерзімдерін дипломатиялық арналар арқылы пысықтайтынын жеткізді.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мақсатында екі ел үкіметтері мен сыртқы істер министрліктеріне екіжақты мәселелер мен халықаралық күн тәртібіндегі тақырыптар бойынша тығыз байланыстар орнату туралы тапсырма беруге келісті.

Сондай-ақ, тараптар Ауғанстандағы жағдайды және оның өңірлік қауіпсіздік үшін ықтимал салдары мен қауіп-қатерлерін жан-жақты талқылады. Аталған елдегі ахуалға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Ауған елінің тұрақсыздық бастауына айналмай, бейбіт жолмен шешілетініне үміт артты.

Добавить комментарий