Қазақстанға көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін $650 млрд инвестиция қажет

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанға көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу оңай болмайтынын айтты.

Брекешев 40 жыл ішінде шамамен $650 млрд инвестиция қажет деп санайды. Бұл 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бойынша өз нәтижесін береді.

«Есептеулер көрсеткендей, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен $650 млрд инвестициялау қажет», — деді Брекешев сәрсенбі күні өткен брифингте.

Оның айтуынша, 40 жыл ішінде электр және жылу энергиясын өндіруге — $305 млрд, көлікке — $167 млрд, тау-кен өндіру мен өңдеуге — $65 млрд, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына — $57 млрд, ауыл шаруашылығына — $49 млрд инвестиция қажет болады.

Бағалау бойынша, көмір, мұнай және газ өндіру секторына инвестициялар ұзақ мерзімді перспективада оларға сұраныстың төмендеуінен қысқарады, деп атап өтті Брекешев.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі жоспарлады жариялап, «Қазақстанда қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуді» тапсырды, ал 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстанға атом станциясы қажет екенін мәлімдеді.

7 қазанда Тоқаев Көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу үшін тек жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) ұстанудың жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

Добавить комментарий