Қазақстанға есірткінің ірі партиясын заңсыз әкелудің жолы кесілді

Қазақстанда тәртіп сақшылары Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (ҰҚК) бірлесіп, Қырғызстанмен шекарадан есірткінің ірі партиясын заңсыз әкелудің жолын кесті.

Ақпарат бойынша, 2023 жылғы 31 мамырда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қарасу» өткізу пунктінде шекара наряды шетелдік азамат тізгіндеген жүк көлігін тоқтатты. Көлік құралын тексеру барысында өзге тауарлардың арасына жасырылған 800 келіге жуық каннабис шайыры табылды.

Тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны 6 млн АҚШ долларынан аса сомада бағалануда. Прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізілетін есірткіні заңсыз тасымалдау және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында тәркіленген есірткі заттары Ресей Федерациясындағы қылмыстық топ мүшелеріне арналғаны анықталды. Ресейдің құзыретті органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында есірткі трафигінің ұйымдастырушылары құрықталды.

Қылмыстық істің өзге де мән-жайлары ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды. Есірткі контрабандасы арналарының жолын кесу бойынша іс-шаралар жалғасуда.

Добавить комментарий