Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда аусыл анықталғанын ресми түрде растады.
«Қарағанды облысы Шет ауданының Киікті ауылдық округінде көп мөлшерде сілекей ағуы, дене температурасының көтерілуі және азықтан бас тартумен мүйізді ірі қара мал анықталғанын хабарлайды. Жануарлар ауруларының диагнозын анықтау үшін сиырлардан биологиялық материал сынамалары алынып, олар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына жіберілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша аусыл диагнозы қойылды», — делінген жұма күні хабарламада.
АШМ нақтылап өткендей, «осыған байланысты 2022 жылғы 14 Қаңтарда Киікті ауылдық округі әкімінің шешімімен ауру малдар табылған «Мұрат» фермерлік шаруашылығына карантин қойылды».
«Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ ветеринариялық-карантиндік іс-шараларды жүргізуге кірісті, инфекция ошағын жою бойынша арнайы техника және 16 маман жұмылдырылды. Өңірдегі эпизоотиялық жағдай бақылауда», — деп толықтырды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтарда Ресей аусыл таралуына байланысты Қазақстаннан ет пен сүт әкелуге шектеу қойды.