Аустралия: РФ елшілігі жерінен айырылды

Аустралия билігі Ресей Федерациясына Канберра қаласындағы жер учаскесін жалға беруді тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы елордалық ұлттық басқарманың (NCA) сайтында жарияланған мәлімдемеде хабарланды.

Ресей жер телімін Гриффит қаласының маңында РФ елшілігінің орнына жаңа ғимарат салу мақсатында алған. Жоба белгіленген мерзімде (үш жыл ішінде) аяқталмады.

«Көптеген жылдар бойы Ресей өкілдерімен тұрақты консультациялар мен талқылаулардан кейін, сондай-ақ жұмыстың аяқталу мерзімі бойынша міндеттемелер болмағанына байланысты, NCA жалға беру шартын бұзу туралы шешім қабылдады», — делінген мәлімдемеде.

Елордалық Ұлттық басқарма басшысы Салли Барнстың айтуынша, жұмыстың аяқталмауына байланысты аумақтың жалпы эстетикасы, маңыздылығы мен қадір-қасиеті бұзылуда. Ресей 20 күннің ішінде учаскені тазартуы тиіс. Осыдан кейін жер телімі дипломатиялық мақсаттарға қолжетімді жерлер тізіміне қайтарылады.

Бұған дейін Аустралия билігі Батыстың РФ-ға қарсы санкциялық науқанына қосылған. Атап айтқанда, олар Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты 110 адамға санкция енгізді. Бұл туралы «Рамблер» хабарлады.

Добавить комментарий