Нұр-Сұлтандағы ауа райының күрт нашарлауына байланысты қаладан шығатын барлық жолдар жабылды. ТЖД балалар мен егде жастағы адамдарды көшеге шықпауға кеңес берді.
Қалада таңертеңнен бері екпіні секундына 23 метрге дейін жететін жел соғып, қар жауып жатыр.
«Қазавтожол» көліктің барлық түрлері үшін Нұр-Сұлтан қаласынан шығатын барлық бағыттар бойынша жолдарды жауып тастады, деп хабарлады елордалық ТЖД.
Қазіргі уақытта жол жұмысшылары көшелерді қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр, алайда қатты және екпінді жел салдарынан жолда көру мүмкіншілігі төмендеді.
Сонымен қатар, ауа райының нашарлауына байланысты қала сыртына қатынайтын барлық қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды.
Нұр-Сұлтан қаласынан шығатын 6 бағыт бойынша қар құрсауында қалған азаматтарға шұғыл көмек көрсету үшін жол болмаған кезде жүру мүмкіндігі жоғары техникамен жедел топтар құрылды.
Сондай-ақ, эвакуациялау кезінде көлікпен жету мүмкін емес аймақтарға бару үшін «Трэкол-болотоход» көлігі дайын тұр, ол бір рейспен 25 адамды алып жүре алады.
Қазгидрометтің хабарлауынша, қолайсыз ауа райы ертеі сағат 03.00-ге дейін жалғасады.
«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, азаматтарды қала сыртына шықпауды, егде жастағы, жүкті әйлдер мен кәмелетке толмаған балаларды көшеге шықпауға шақырамыз. Қазіргі жағдай туралы «Қазавтожол» сайтынан біле аласыз», — делінген хабарламада.
Қыс кезіндегі ТЖ-ға жедел әрекет ету үшін құрамында 266 адам, 25 бірлік техника бар апатты-құтқару құрылымдары мен ішкі істер органдары дайын тұр.
Зардап шеккендерді уақытша орналастыру бойынша 1 000 жатын орны бар 10 пункті тұрақты режимде қабылдайды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.