Әуе кемелері көп жиналғандықтан, ұшақтар Кабул әуежайынан ұша алмауда. Осыған байланысты барлық авиарейстердің қозғалысы тоқтатылды.
Бұл туралы елдің азаматтық авиация басқармасының дүйсенбі күні таратқан қаулысында айтылған.
«Хамид Карзай халықаралық әуежайындағы барлық рейстер өкім шығарылғанға дейін тоқтатылды. Еліміздің түрлі өңірлеріне, сондай-ақ шетелге ұшқысы келетін жолаушыларға ұшудың қайта басталғаны туралы алдын ала хабарланады. Мұндай шаралар әуе айлағында адамдардың жиналуын және тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында қабылданады», — делінген ведомствоның Facebook парақшасында жарияланған мәлімдемеде.
Хабарламада Ауғанстанның авиациялық билігі «Кабул әуежайына және одан шығатын ішкі және халықаралық рейстердің тез арада қайта басталуы үшін белсенді жұмыс істеуде» деп атап өтілген.
Кабул әуежайының тәулік бойы жұмысын НАТО мемлекеттерінің 800-ге жуық азаматтық өкілдері қамтамасыз етіп жатыр, АҚШ, Ұлыбритания және Түркиядан келген әскерилер тәртіптің сақталуын қадағалап жүр. Мыңдаған адам елден ұшып кетуге тырысуда. Ұшу-қону жолағында адамдарды қуу үшін әскерилер көзден жас ағызатын газды қолданып, ауаға оқ атуға тура келді. Халық Ауғанстан астанасынан кету үшін ұшақтардың шассилеріне жармасып жатыр.
Соңғы мәліметтер бойынша, осы оқиғалар салдарынан бір апта ішінде кемінде 20 адам қаза тапқан. Бұдан басқа, дүйсенбі күні Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлері мен белгісіз біреулер арасындағы атыстан ауған күштерінің бірі қаза тапты. Әуе айлағында қалыптасқан жағдай үшін жауапкершілікті радикалдар Құрама Штаттарға жүктейді.