Ауған азаматы қазақ екенін дәлелдеу үшін ҚР-да туыстарын іздеп жатыр

Хамит Тадаштың айтуынша, ол осыдан 10 жыл бұрын тарихи отанына көшпек болған. Қазір ол қазақ екенін дәлелдеу үшін ҚР-да туыстарын іздестіріп жатыр.

Хамит Тадаштың анасының айтуынша, 20 ғасырдың басында жаңа биліктің қызымына ұшыраған қазақтар Туған жерінен жан-жаққа кете бастаған.

«Кіші жүздің таз руынан шыққан бір ауылдың адамдары шетел асып кеткен. Менің атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға көшіп келді. Ол қайтыс болғаннан кейін біздің атамыз Шермет жетім қалып, сол жақтан Ауғанстанға көшті. Сол жерде тұрдық. Мен Құндыз деген жерде дүниеге келдім», — деді Хамит.

Оның екі ағасы Иранға көшкен.

Хамит Кабул университетіне түсіп, түрік тілі мен әдебиетін оқып, содан кейін Анкарадағы Gazi Университетінде оқыған. 2012 жылдан бастап Кабул университетінде шет тілдер факультетінде түрік тілінен сабақ береді.

«2010 жылы Анкарада болған кезімде ҚР елшілігіне тарихи отаныма оралу туралы өтініш білдірдім. Олар бұл үшін Ауғанстандағы елшілік жауап беретінін айтты. Елшілікте менің қазақ екенімді дәлелдеу үшін Қазақстанда туыстарым болуы керек екенін айтты», — дейді ол.

Хамит Тадаш қазақ тілін өз бетінше үйренгенін айтады.

«Менің әкем осында өзбектермен араласып кеткеннен кейін, сол тілде сөйлей бастады, бірақ басқаша сөйлейтін. Бір күні мен тіліміздің неге өзбек тілінен ерекшеленетінін сұрадым. Анам сол кезде біздің қазақ екенімізді, біздің аталарымыз қиын қыстау заманда Қазақстаннан көшіп кетіп, осында қалғанын айтты. Ол біздің Кіші жүздің таз руынан шыққанымызды үнемі айтып отыратын. Сол кезде неге мен өз тілімде сөйлемеймін деп қазақ тілінде көп кітап оқып, тілді үйрене бастадым. Ол кезде менің Қазақстанға көшу туралы ойым болған жоқ. Ана тілім болғандықтан, тілімді жақсы көргендіктен үйрене бастаған едім.

Әкем ерте қайтыс болды, мен анаммен және әйеліммен бірге тұрамын — 5 баламыз бар. Мен ұлдарыма Білге хан, Санжар және Атабек деген қазақ есімдерін қойдым. Екі жыл бұрын өз білімімді арттыру үшін Қазақстанға аспирантураға түскім келді. Бірақ онда оқу ақысы қымбат. Содан кейін мен Бішкектегі қырғыз-түрік «Манас» университетіне құжаттарымды тапсырып, «түркі тілдері» мамандығы бойынша онлайн оқыдым.

Ауған азаматының айтуынша, Тахар провинциясында Қазақ деп аталатын ауыл бар. Онда этникалық қазақтар тұрады, бірақ олар қазақ тілін білмейді, өйткені үйрететін мұғалім жоқ.

«Ел толығымен тәліптердің бақылауында. Үкімет жоқ, халықтың жағдайы нашар. Қалаға кіретін жолдар жабық, азық-түлік импортталмайды. Банктер де жабық, сондықтан адамдар жалақы алмайды. Мен жұмыс істеген Кабул университеті де жабылды. Тәліптерден жақсы ештеңе күтіп отырған жоқпыз. Бойымыздағы қауіп күн өткен сайын көбейіп жатыр. Осы жерден тарихи отанымызға кеткіміз келеді», — деді Хамит Тадаш.

Хамит Қазақстанға көшу үшін Қазақстанда туыстарын тауып, елшілікке оның қазақ екенін дәлелдеуі керек деді. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының тазы руынан шыққанын біледі. Әкесі — Шарафуддин, атасы-Шермет, үлкен атасы — Ташмет.

Добавить комментарий