Атырау облысында гидроқұрылыстардың көпшілігі ескі болып шықты

Атырау облысында гидротехникалық құрылыстардың көпшілігі өте ескі. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен су тасқыны кезеңіне дайындық комиссиясының отырысында көтерілді.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының м.а. Тұрлан Сүлейменовтің айтуынша, өңірде 31 гидротехникалық құрылыс тіркелген және олардың көпшілігі тозған.

«Көптеген гидротехникалық құрылыстардың құрылысы өткен ғасырдың 60-80 жылдары жүргізілген. Олардың нақты тозуы 60%-дан жоғары, нәтижесінде қауіпсіздігі мен сенімділігі күрт төмендеген», — деді Т. Сүлейменов.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, биыл облыс аумағында су басу қаупі жоқ, жағдай тұрақты. «Қала және аудан әкімдіктерінің берген ақпараттарына сәйкес су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ және т. б.) және 29 мың 800 қапшық, 17 дана шатыр, 5294 дана кереует, 3660 дана төсек-орын жабдықтары дайындалды», — деді Н. Жаңабаев.

Жиын барысында Қайрат Нұртаев «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында Махамбет ауданы Алға ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер мекемесінің жұмысына сын айтты.

«Алға ауылындағы жұмыстарды жеделдетіңіздер. Геошпунт қағып үлгермесеңіздер, ескі әдіспен қаптарды дайындап, қазірден бастап қолға алыңыздар. Егер наурыз айына дейін геошпунт қағып үлгермесе, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет», — деді Қ.Нұртаев.

Добавить комментарий