Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР-да азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының өсуіне түсініктеме беріп, олардың бағасы не себепті қымбаттап жатқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл, әрине, азық-түлік бағасының өсімі әлем нарығындағы күрделі мәселе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Елде азық-түлік бағасы қордаланған мәселелердің салдарынан қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен біз өте байыпты айналысуымыз керек. Мен үкіметтің алдына, жаңа ауыл шаруашылығы министрінің алдына міндет қойдым «, — деді Президент Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында.

Фото: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия мол бөлініп, босаңсып кетті деп санайды

«Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергиялық теңгерімнің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет», — деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Добавить комментарий