Қасым-Жомарт Тоқаев: «Партиялардың мәжіліске өту шегін 5%-ға дейін төмендету қажет»

Қазақстанда саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 5%-ға дейін төмендету қажет, деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.

«Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жақсы меңгерген, білікті азаматтар бар. Олар парламенттің жоғары мінберінен шешілуі тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде және тиісінше көтере алады», — деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, егер осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсіп, жұмыстың тиімділігін арттырады.

«Бізге саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету қажет. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы қалыпты нәрсе болуы тиіс екенін атап өтті.

«Сондықтан барлық деңгейдегі бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» белгі болуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 29 қаңтарда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің алдағы отырысында мемлекеттік жоспарлаудың түбегейлі жаңа жүйесін, 2025 жылға дейінгі ел дамуының өзекті ұлттық жоспарын, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдау жоспарланғанын айтты.

Добавить комментарий