Ақорда резиденциясында бірқатар мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Сенім грамоталарын Франция Республикасының Елшісі Дидье Канесс, Украина Елшісі Петр Врублевский, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаелла Фриберг-Стори, Солтүстік Македония Республикасының Елшісі Сали Лимани, Пәкістан Ислам Республикасының елшісі Саджад Ахмед Сихар табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияның ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.
Президент шетелдік елшілердің алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі салтанатты рәсім бүкіл әлем қауымдастығы үшін бұрын-соңды болмаған қиындықтар кезінде өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық пен тиімді халықаралық ықпалдастық біздің халықтарымызды кез-келген қауіп-қатерге қарсы тұра алатындай қауқарлы етудің кілті болып табылады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы біздің еліміз аталған елдермен және БҰҰ жүйесімен серіктестікті Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Президент Қазақстан ЕО-дағы көшбасшы серіктесі және бесінші ірі инвестор ретінде Франциямен стратегиялық қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Тау-кен және мұнай-газ салаларында, көлік машиналарын жасауда, құрылыс материалдарын өндіруде, химия және тамақ өнеркәсібі сияқты салалар бойынша ынтымақтастық табысты дамуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, жаңартылған энергия көздері мен цифрлық технологиялар саласында, сондай-ақ мәдениет, білім және туризм саласында өзара тиімді ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін пайдалануға болады.
«Қазақстан тарапы француз кәсіпкерлеріне еліміздегі пайдалы жобаларға инвестиция салу үшін жекелеген тәсілдер ұсынуға дайын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Петр Врублевскийді қабылдаған Президент екі ел арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайту және Украинамен көпжақты ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан үшін маңызды екенін айтты.
«Біздің екіжақты қатынастарымыз терең тарихи байланыстарға негізделген. Ал Қазақстандағы украин диаспорасы біздің халықтарымыздың арасын «алтын көпір» ретінде байланыстырады. Бүгінде біздің кәсіпорындар әртүрлі салада ынтымақтаса жұмыс істеуде. Екі елде де жүргізіліп жатқан маңызды трансформациялық реформалар саяси, сауда-инвестициялық, мәдени және халықтар арасындағы байланыстардың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізеді деп сенемін», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Микаелла Фриберг-Сторимен әңгімелелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ Жарғысына негізделген инклюзивті көпжақты саясатқа берік болып қала беретінін жеткізді.
«БҰҰ жүйесімен және оның шеңберіндегі серіктестігіміз айтарлықтай нәтижелі болды. Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық негізгі органдарына, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесіне қатысып, бірқатар басым міндеттерді орындады. Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақты дамудың 2030 жылға дейінгі күн тәртібін тиімді үйлестіру үшін біз Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығын құруға ниеттіміз», — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан Солтүстік Македония Республикасын Шығыс Еуропа мен Балқандағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Біздің елімізде әртүрлі этникалық және діни топтар өмір сүреді. Бұл біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ортақ ұқсастық. Осындай ерекшеліктер елдерімізді нығайтады. Сіздің еліңізбен саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бас мән береміз», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саджад Ахмeд Сихарды қабылдаған Мемлекет басшысы Пакістанның Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі екенін атап өтті. Екі ел арасында саяси және экономикалық тұрғыдан мазмұнды диалогқа бағытталған берік серіктестік орнаған.
«COVID-19 індетінің кері әсеріне қарамастан, екіжақты сауда-саттық артып келеді. Дегенмен, елдеріміз арасындағы көлік қатынасының нашарлығынан біз өз мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған байланысты Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия серіктестіктің көкжиегін кеңейтеді деп үміттенеміз. БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы оң ықпалдастық ортақ мүдделерімізге қызмет етеді,», — деп атап өтті Президент.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, мемлекет басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.