Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан спорт державасы болуға тиіc

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында олимпиадалық даярлық орталығының құрылысымен танысып, елімізде спортты дамыту бойынша ауқымды жоспарларды айтты.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталғанын баяндады. Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.

Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған. Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан.

Спорт базасын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен әңгімелесіп, елімізде бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Президент Қазақстан спорт державасы болуға тиіс екенін және ол үшін маңызды спорт нысандары салынатынын атап өтті.

«Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек», — деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаевжас спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.

Добавить комментарий