Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин суперХҚКО ашу қажеттігін, онда басқа орталықтарда жоқ ққызметкерлер болатынын хабарлады.
Ведомствоның алқа мәжілісінде ол Астана қаласында суперХҚКО ашу жоспарланып отырғанын айтты.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің клиенттік тәжірибесі негізінде азаматтар ХҚКО-дан қызмет ала отырып, басқа да органдардың табалдырығын тоздырып жүргенін түсіндік: БЖЗҚ, коммуналдық қызметтер, әкімдіктер және басқалары», — деп атап өтті Бағдат Мусин.
Ол бұл мәселені қалай шешетінін айтып берді.
«Сондықтан біз осы ұйымдардың барлығын бір ғимаратқа шоғырландырып, азаматтардың туындаған барлық қажеттіліктері бір жерде шешілетінін қалаймыз. Бүгін біз Астана әкімдігімен бұл біртұтас болады деп келістік, яғни азаматтарға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге арналған «суперХҚКО» болады», — деді министр.
Енді елорда тұрғындары тек бір ғимаратта — СуперХҚКО-ға ғана баратын болады.