Асқар Мамин Ресеймен тауар айналымына қатысты пікір білдірді

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткіштерге жетті. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.

Оның болжамына сәйкес, жыл соңына дейін елдер арасындағы сауда көлемі 24 млрд долларды құрайды.

Мәскеуде Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөздер жүргізді.

Үкімет басшылары сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттырудың перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация шеңберіндегі жобаларды талқылады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және ҚР мен РФ экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ҚР мен РФ арасындағы сауда көлемі 30%-ға артып, $19,5 млрд-қа жетті. Бұл ретте сауда құрылымын әртараптандыруда ілгерілеушілік байқалады – Қазақстанның экспорт көлемі 39,4%-ға, оның ішінде өңделген өнімде 47,7%-ға өсті. Экспорт құрылымында мұнай-химия саласының (+18,6%), машина жасау (+21,9%), химия (+33,1%) және жеңіл (+27,1%) өнеркәсіп өнімі ұлғайды. Пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда сауда көлемі 21%-дан астамға өсті.

«Біз 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тауар айналымы шамамен 24 млрд долларды болады деп күтудеміз. Елдеріміз арасында мұндай сауда көрсеткіштері ешқашан болмаған. Яғни, біз 2021 жылы рекордтық көрсеткішке жетеміз. Қызмет көрсету секторында, нақты секторларда пандемияға байланысты шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан көрсеткіш азаймады. 2022 жыл елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан одан әрі айқын болады деп ойлаймын», — деп Ресей Үкіметінің сайты Асқар Маминнің сөзін келтіреді.

2021 жылдың бірінші жартысында РФ-ның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17%-ға артып, $704,9 млн құрады. Өнеркәсіптік кооперация саласында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және т. б. салаларда $1,8 млрд сомасына 9 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр. $2,8 млрд сомасына 9 жоба пысықтау сатысында тұр.

Кездесу барысында екі елдің қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастығы қаралды. Жайық және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау жөніндегі бағдарламалар аясында жұмысты синхрондау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

Добавить комментарий