Асқар Мамин Hyundai автокөліктерін құрастыру зауытының ашылу салтанатына қатысты

Телекөпір форматында өткен зауыттың ашылу салтанатына Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Hyundai Motor Company» президенті Ли Вон Хи және «Astana Group» Н. Смағұлов қатысты.

Зауыт әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттардың талаптарын ескере отырып салынған. Кәсіпорынның жобалық қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін құрайды. Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асады. Аралас салаларды ескере отырып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта автоқұрамдар шығаратын зауыт ашу жоспарлануда, бұл 51%-дан астам жергіліктендіруді қамтамасыз етуге және ТМД елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік береді.

«Ағымдағы жылдың 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға артты. Бұл сала жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруге мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Алматы қаласында Hyundai автокөлік өндірісінің ашылуы автоөнеркәсіптің ең ірі әлемдік көшбасшыларының бірі — «Hyundai Motor Company» компаниясымен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің, сондай-ақ Қазақстанның Корея Республикасымен жемісті ынтымақтастығын тереңдетудің жарқын үлгісі болып табылатынын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Алматы қаласының ЖЭО-2 барып, электр станциясын жаңғырту және газға көшіру тұжырымдамасымен танысты, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Премьер-Министрге ҚР экологиялық туризмді дамыту жобалары таныстырылды.

А. Мамин Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) және қаланың басқа да көлік және тұрғын үй инфрақұрылымы нысандарының құрылыс барысымен танысты, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін — «Halyk Arena»-дағы инфекциялық стационарына, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «MEIIRIM» оңалту орталығына және Ш.Уәлиханов атындағы мектепке барды.

Ағымдағы жылдың 9 айында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Алматы қаласында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 3,2%-ға өсіп, 712,2 млрд теңгеге дейін, негізгі капиталға инвестициялар көлемі — 12,5%-ға 608,2 млрд теңгеге дейін, құрылыс жұмыстарының көлемі — 6,9% (248,5 млрд тг), пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы — 8% -ға (1,47 млн ш.м.) өсті.
ҚР Премьер-Министрі Мамин Hyundai автокөліктерін құрастыру зауытының ашылу салтанатына қатысты.

 

Добавить комментарий