Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралған отырыс өткізгені белгілі. Министрлердің баяндамаларын тыңдаған Мамин Қазақстан экономикасы пандемия мен экономикалық дағдарысқа қарамастан, нақты секторда да, қызмет көрсету саласында да көрсеткіштердің өсуін көрсетіп отырғанын айтты.
Премьер-Министрдің сайтында хабарланғандай, отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Олар банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы айтты.
Өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлері Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешен туралы — ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.
Қабылданған шаралардың арқасында экономиканың базалық салаларында тоғыз айдың қорытындысы бойынша өсімнің оң динамикасы сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде 3,3%-ға, оның ішінде фармацевтикада — 39,8%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіруде — 18,9%-ға, машина жасауда — 16,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда — 51,6%-ға, сондай-ақ қағаз өнімінде — 15,1%-ға және жеңіл өнеркәсіпте — 14,1%-ға өсу қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 10,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9%-ға немесе шамамен 9,6 млн м ²-ға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығында 5%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді, жақсы өнім жиналды. ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері 1 қазанда $91,1 млрд құрады. Тау-кен секторының металл кендерін (+ 1,2%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+ 0,4%) өндіру сияқты маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталады. Бұл ретте ОПЕК + қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-3,5%) байқалады.
Қыркүйекте қызмет көрсету секторының белсенді жандануы басталды — тамызбен салыстырғанда, сауда 2,7%-ға, байланыс — 1,3%-ға, көлік және қоймалау — 1,2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторының өсуі шағын және орта бизнес қызметінің жанданғанын көрсетеді, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.
«Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі ықпалына қарамастан, нақты секторда да, қызмет көрсету саласында да көрсеткіштердің өсуін көрсетуде», — деді Мамин.
«Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмысты жандандыруды тапсырды.
Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспардың 100%-дық орындалуына қол жеткізу қажет. Бюджеттің атқарылу бөлігі бойынша ағымдағы жағдайда орталық және жергілікті органдардың басшылары жыл соңына дейін тиімді және уақтылы игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай қалды және барлық жобаларды аяқтау және жоспарларды іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет», — деп баса айтты ол.